«Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына (бұдан әрі –
№ 125 бұйрық) енгізілген өзгерістерді түсіндіру және 1-тоқсандағы бағалау бойынша нұсқау хат
Жаңартылған орта білім мазмұны бойынша білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау жүргізудің тәртібі № 125 бұйрықтың 3-тарауында көрсетілген нормалар бойынша жүргізіледі. № 125 бұйрықтың 2-тарауы барлық сыныптардың жаңартылған орта білім мазмұнына енуіне байланысты күшін жойды.
ТЖБ тапсырмаларын дайындау кезінде пәндер бойынша спецификацияға сүйену керек, себебі балл көрсетіліп берілген. Мұғалім ТЖБ тапсырмаларын өткен материал негізінде өз бетінше құрастырады.
Қашықтан оқыту кезінде тілдік пәндер бойынша ТЖБ жүргізу ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі № 135 бұйрығының 29-тармағы бойынша жүзеге асырылады. Аталған бұйрықтың 2-қосымшасының 29-тармағы бойынша «тілдік пәндер бойынша тоқсандық жиынтық бағалауда айтылым және тыңдалым дағдыларын тексеруді талап ететін оқыту мақсаттары кірмейді. Бұл ретте жазу және оқу дағдылары үшін ең жоғары балл 15 баллды құрайды. Яғни, жазылым мен оқылым дағдыларын бағалау бойынша балдарды бөлуді мұғалім өзі реттейді. ТЖБ тапсырмаларын 15 балға әзірлеу ұсынылады». ТЖБ үшін балл қою кезінде мұғалім электрондық журналда ең жоғары балды өзі белгілейді, ал жүйе пайыздық қатынаста қорытынды бағаны берілген ең жоғары балл негізінде есептейді. Сондықтан, егер, сынып келіп оқитын (кезекші сыныптарда) балалар тобына және қашықтан білім алушыларға бөлінсе, бұл жағдайда бір сыныпқа толық, бірыңғай максималды балл негізіндегі тапсырмалар дайындау ұсынылады.
Тілдік пәндер бойынша толық штаттық режимде оқитын мектептерде № 125 бұйрықтың 18-тармағын негізге алу ұсынылады. Бұл жағдайда тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бойынша жүргізіледі. Тыңдалым және айтылым дағдыларын тексеру жиынтық бағалауды өткізу жоспарланған апта бойы сабақтарда өткізіледі.
Бастауыш сыныптарда ТЖБ балдары Әдістемелік нұсқау хатқа және жиынтық бағалаудың спецификациясына сәйкес 2-сыныптарда – 14 балл, 3-сыныптарда – 16 балл, 4-сыныптарда – 18 балды құрайды. Бастауыш сыныптарда тілдік пәндер бойынша ТЖБ өткізу кезінде тыңдалым және айтылым дағдыларын тексеруді талап ететін оқу мақсаттары алынып тасталады.
Педагог үшін келесі ақпаратты білу маңызды:
1. Педагог білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлерін еркін таңдай алады және өзі әзірлей алады.
2. Жиынтық бағалау тапсырмаларын педагог өзі дайындайды.